
Каир, 2022 жылғы 21 қараша – Қазақстан Елшісі Қайрат Лама Шариф Мысырдың туризм және көне ескерткіштер министрі Ахмед Исамен кездесті.
Сұхбат барысында тараптар 2023 жылдың бірінші тоқсанында Астана қаласында өтетін Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мысыр Үкіметаралық комиссиясының күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарастырды.
Атап айтқанда, мысыр тарапы Қазақстанның оңтүстігіндегі археологиялық ескерткіштер мен тарихи орталықтарды, атап айтқанда «Аристотельден кейінгі екінші ұстаз» Әбу Насыр әл-Отырардың туған жері болып табылатын ежелгі Отырар қаласын қалпына келтіру саласында ат салысуға ниет білдірді.
Сондай-ақ мысыр тарапы қазақстандық кадрларды дайындау және археология бойынша студенттерді оқыту үшін профессорлар мен мамандарды Қазақстанға жіберуге дайын екенін білдірді. Тараптар осы саладағы сарапшылармен алмасу арқылы ислам әлемінің тарихи-мәдени мұрасының ескерткіштерін қорғау, сақтау және реставрациялау саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесетін болады.
Сонымен қатар Мысырдың Туризм және көне ескерткіштер министрі мен Қазақстан елшісі Мысыр мен Шам елінде Қыпшақ мәмлүктері мемлекетінің негізін қалаған Сұлтан Бейбарыстың 800 мерейтойын атап өту аясында Каирдің аз-Захирия ауданындағы Сұлтан Бейбарыстың көне мешітін 2023 жылдың наурызында салтанатты ашу мәселелері туралы пікір алмасты.