
Каир қаласы, 2022 жылғы 11 қазан – Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Қайрат Лама Шариф жаңадан тағайындалған Мысыр Араб Республикасының Мәдениет министрі Невин әл-Киланимен алғашқы ресми кездесуін өткізді.
Мысырдың Мәдениет министрі екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың ілгері дамып келе жатқанына қанағаттанушылық білдіріп, осы бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді қолдады.
Сонымен қатар кездесуде сұхбаттасушылар Қазақстан мен Мысырдың бай тарихи-мәдени мұрасы бар екенін атай отырып, мұрағат ісі саласындағы нормативтік құқықтық актілер, ақпарат және құжаттар, мұрағаттану, археография және құжаттану бойынша әдебиеттермен, сондай-ақ өзара мұрағаттық құжаттардың жарияланымдарымен алмасуға келісті.
Бұл бағытта Ұлттық мұрағат қорларын Қазақстан мен Мысыр халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы мәліметтерді қамтитын құжаттармен толықтыру мақсатында екі ел мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес олардың көшірмелерін бір-біріне сәйкестендіруге және беруге уағдаласты.
Елші Қайрат Лама Шариф өз кезегінде Мысырда қазақстандық реставраторлар мен басқа да мамандардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру туралы ұсыныстар енгізді.
Тараптар 2023 жылы Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті ортағасырда Мысыр мен Шам елін даңқты билеген Сұлтан аз-Захир Бейбарыстың 800 жылдығын атап өту маңыздылығын атап өтті.
Осыған орай Қазақстан Елшісі Мысыр Мәдениет министріне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген ұсыныстарын табыс етті. Атап айтқанда,
Мысырда:
- Каир қаласында күрделі жөндеуден өткен Сұлтан аз-Захир Бейбарыс мешітін салтанатты түрде ашу;
- Әл-Азхар университетінде Мысыр мен Шам елінің Билеушісі Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу;
- 30-шы Каир халықаралық қазіргі заманғы эксперименталды театр фестивалі шеңберінде Рақымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» спектаклін сахнада көрсету;
- Мысыр тарихының Мәмлүктер дәуіріне арналған араб және қазақ тілдерінде энциклопедияны жарыққа шығару;
- Мысырда Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған мерекелік пошта маркаларын шығару.
Қазақстанда:
Астана қаласында Мысыр мен Шам елінде Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті қыпшақ даласының ұлы перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу;
- Қазақстан қалалары мен елді мекендердің көшелері мен алаңдарға, спорт сарайларға Сұлтан Бейбарыс есімін беру;
- Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған мерекелік пошта маркаларын шығару;
- Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан қалаларында Мәмлүктер дәуірі туралы сыр шертетін Каирдің Ислам өнері музейінің жылжымалы көрмесі ұйымдастыру;
- Мысыр тарапы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне Мәмлүктер мемлекеті дәуіріндегі жәдігерлердің көшірмелерін жасап, сыйға тартады;
- барлық жоғарғы оқу орындарында Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған ғылыми конференциялар мен симпозиумдар өткізу, бұл шараларға мысырлық және араб мәмлүктанушы-ғалымдарды шақыра отырып, Сұлтан Бейбарыстың тұлғасын ұлықтау;
- Атырау облысы әкімдігімен бірлесіп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Қыпшақ мәмлүктерін зерттеу Орталығы мен мұражай ашу;
- Маңғыстау облысы әкімдігімен бірлесіп, Ақтау қаласында Сұлтан әл-Мансур Қалауын комплексі үлгісінде мешіт салу мәселесін зерттеу;
- Кәрі Каспий жағалауында «Сұлтан Бейбарыс - Ұлы Дала елінің Барысы» атты театрлық қойылымы ұйымдастыру;
- Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесіп, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Атлах-Талас шайқасынан Айн Жалұт шайқасына дейінгі кезең» атты Орталық Азия және араб тарихшыларының ғылыми симпозиумы өткізу;
- 2023 жылдың шілде айының бірінші жексенбісінде, яғни Домбыра күнінде «Сегіз ғасыр жырлайды» атты мәдени шаралар өткізіп, жыршылар мен мысырлық ауыз әдебиеті майталмандарының даңқты Сұлтан Бейбарыс пен басқа мәмлүктер туралы «Батырлар жыры» фольклор кештерін өткізу;
- Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы шеңберінде көкпар, бәйге, жамбы ату, қазақша күрес, құсбегілік, асық, аударыспақ және тағы басқа көшпенділердің ұлттық ойындарының халықаралық турнирлерін өткізу;
- Түркістан облысы әкімдігімен бірлесіп, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТЮРКСОЙ) қолдауымен, Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени алаңда «Сұлтан Бейбарыстың Ұлы Далаға оралуы» атты арт-фестиваль өткізу.
Мысыр Мәдениет министрі Невин әл-Килани қазақ тарапының ұсыныс-пікірлерін қарастыруға және 23-25 қарашада Астана қаласында өтетін Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Мысыр Үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысында бірлескен шешім қабылдауды ұсынды.
Баршаға мәлім, 2022 жылғы 13 қыркүйекте Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «әл-Азхардың» Бас имамы Ахмед ат-Тайебті қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы келесі жылы Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толатындығын атап өтіп, мерейтойға дайындық аясында Қазақстан тарапы Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге айтарлықтай үлесін қосатынын айтты.