Жаңадан тағайындалған Мысырдың сауда және индустрия Министрі алғашқы шетелдік сапарын Қазақстаннан бастайды

Жаңадан тағайындалған Мысырдың сауда және индустрия Министрі алғашқы шетелдік сапарын Қазақстаннан бастайды

Каир қаласы, 2022 жылғы 10 қазан – Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Қайрат Лама Шариф жаңадан тағайындалған Мысыр Араб Республикасының Сауда және индустрия Министрі Ахмед Самир Салехпен алғашқы ресми кездесуін өткізді.

Сындарлы және мазмұнды сұхбат барысында Қазақстан мен Мысыр арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегі туралы пікір алмасылды.

Қазақстандық дипломат Мысыр Үкіметінің жаңа мүшесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдаудың негізгі бағыттарымен таныстырды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Каирдегі Елшілігі Жолдаудың араб тіліне аударған толық мәтінін табыс етті.

Министр Ахмед Самир Салех өз кезегінде екі елдің бизнес-қауымдастықтарының сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға атсалысуына және осы құрылымдарға іскерлік ақпарат алмасуда, аумақта іскерлік миссияларды, жәрмеңкелер мен көрмелерді ұйымдастыруда қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Осы ретте Елші Қайрат Лама Шариф Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің мысырлық тарапқа сауданы ұлғайту мақсатында мысыр кәсіпорындары арасында тарату үшін экспортты ұлғайту мүмкіндігі бар өңделген тауарлардың тізімін жіберуге дайын екенін хабарлады.

Тараптар сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы Еркін сауда туралы келісімнің сауда-экономикалық қарым-қатынастарды өзара дамыту үшін жоғары маңыздылығын атап өтті. Бұл көптарапты Келісім Қазақстан үшін Мысырмен сауданы дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Мысыр Сауда және өнеркәсіп министрі Ахмед Самир Салех Мысыр Президентінің арнайы ресми өкілі ретінде Астанада өтетін АӨСШК 6-шы Саммитіне қатысады, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринмен және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевпен келіссөздер өткізеді.