Қазақстан делегациясы ЕҚДБ-ның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығының 30 жылдығына арналған бизнес-форумға қатысты

Қазақстан делегациясы ЕҚДБ-ның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығының 30 жылдығына арналған бизнес-форумға қатысты

ЛОНДОН, 2022 жылғы 8 шілде – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі, Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Кеңесінде Қазақстанның атынан Басқарушы Ерұлан Жамаубаев ЕҚДБ мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың 30 жылдығына арналған бизнес-форумға қатысты.

Форумның пленарлық сессиясы барысында Е.Жамаубаев қатысушыларды Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар, оның ішінде «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы және жаңа экономикалық бағыт, сондай-ақ елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

ЕҚДБ Президенті Одиль Рено-Бассо Банктің өңірдегі 30 жылдық қатысуы бүкіл Орталық Азия бойынша неғұрлым экологиялық және инклюзивті экономикаларды құру ісінде елеулі нәтижелер әкелгенін атап өтті. Ол он мыңдаған жеке кәсіпкерлер қаржылық және консультациялық көмек алғанын, қаржы секторы нығайғанын, сумен жабдықтау жүйесі, көлік байланыстары мен энергиямен жабдықтау жақсарғанын, жаңартылатын энергия көздері мен «жасыл» қалалар дамып келе жатқанын атап өтті.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов өңір елдерінің пайдалы қазбаларды тұрақты өндіруге көшуіне және осы сектордағы инвестициялық мүмкіндіктерге арналған бизнес-сессияда сөз сөйледі. Ол Қазақстанның экономикаға инвестицияларды тарту үшін, сондай-ақ экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару стандарттарын сақтау үшін қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді.

Форум аясында Е.Жамаубаев бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. О.Рено-Бассомен кездесуде ЕҚДБ-мен екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары және әлемдік экономикасының өзекті мәселелері талқыланды.

Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Қасымалиевпен және Тәжікстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Усмонали Усмонзодамен кездесулерде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты қоса алғанда, екіжақты күн тәртібінің мәселелері қаралды.

Қазақстандық делегация «Francis Maude Associates» компаниясының төрағасы лорд Фрэнсис Модпен, «MUFG Bank» банкінің басқарушы директоры және дамушы нарықтар бөлімінің басшысы Кристофер Маркспен, «Dial Partners» компаниясының аға кеңесшісі Скотт Янгпен және «Tractebel» компаниясының өңірлік менеджері Роман Воробьевпен кездесті.

Форум аясында сондай-ақ 2022 жылғы 1 желтоқсанда Токио қаласында Жапония Үкіметінің қолдауымен өтетін ЕҚДБ Орталық Азия инвестициялық форумы туралы жарияланды.

Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылар Орталық Азия елдерінің ұлттық стендтерін тамашалауға мүмкіндік алды. Қазақстандық стендте Қазақстанның тарихы, мәдениеті, экономикасы мен саясаты туралы баспа өнімдері, дәстүрлі тағамдар, қазақстандық дизайнер Айдана Омарованың ұлттық киімдері және Ардақ Хисинаның ұлттық зергерлік бұйымдары ұсынылды.

Іс-шараға қатысушыларға сондай-ақ Жер күніне арналған «Resolution Song» жаһандық музыкалық жобасы аясында дайындалған отандық орындаушы Тамара Асардың «Жер ана» ролигі көрсетілді.