
Каир, 2022 жылғы 1 маусым – Мысыр астанасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауына, сондай-ақ ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша алдағы Республикалық референдумның маңызды аспектілерін түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті.
Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Қайрат Лама Шариф өз сөзінде бұл іс-шараның Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар қазақстандық дипломат дөңгелек үстелге қатысушыларды мемлекеттік модельді кешенді түрде трансформациялауға бағытталған жалпыұлттық референдумға дайындық үрдісімен таныстырды.
МАР-дың Жоғарғы Конституциялық соты төрағасының орынбасары Әдел Омар Шериф Қазақстан бүгінде әлемде тұрақтылық мекені, дамудың серпінді және өркендеген үлгісі ретінде қабылданады деп есептейді. Конституциялық реформаларда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының конституциялық-құқықтық тетігінің өте маңызды мәселелері көтеріледі.
Мысыр Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама комитетінің хатшысы әрі мүшесі доктор Мұхаммед Шауки әл-Анани Қазақстан Президентінің мемлекеттік билік органдарының ашықтығының, үйлесімді жұмыс істеуінің және өзара іс-қимылының неғұрлым жоғары деңгейіне қол жеткізуге бағытталған «Қуатты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» бастамасын құптады. Қазақстан мен Мысыр арасындағы парламентаралық достық тобының мүшелері сенаторлар доктор Гамаль Абдел Захир Мұхаммед, Ахмед Мұхаммед Ширани, Акмаль Сами Нагати, Халед Әбуль-Уаффа, Ахмед Самир Закария да өз көзқарастарын білдіріп, Қазақстандағы конституциялық реформаға қолдау білдірді.
«Әл-Ахрам» саяси және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры, доктор Мұхаммед Фаиз Фарахат Жаңа Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары төңірегінде қоғамның топтасуы байқалатынын атап өтті.
Мысырлық «Akhbar Elyom» газетінің Орталық Азия бойынша сарапшысы, журналист Фатьма аль-Бадауидің пікірінше, Қазақстанның мемлекет басшысының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды қайта қарау туралы ұсынысы БАҚ-тың демократиялық қоғамдағы «биліктің төртінші тармағы» ретіндегі рөлін арттырады.
Дөңгелек үстел дәстүрлі достық атмосферада өтті. Қазақстан Елшісі іс-шараға белсене қатысқандарға шынайы алғысын білдірді.
Осы күндері мысырлық және араб бұқаралық ақпарат құралдары: Al-Ahram, Egyptian Radio and Television Union, Nile TV International, Middle East News Agency, Al Gomhuria, Egypt Today, Rose El-Youssef, Al-Musawwar, Akhbar Elyom, AlHadath Alyoum, Youm7, October Magazine Egypt және тағы басқа басылымдар египеттік сарапшылардың пікірлерін көпшілікке кеңінен таратуда.