
Каир, 2022 жылғы 13 сәуір – Қазақстан Елшісі Қайрат Лама Шариф Мысырдың Орта және техникалық білім министрі доктор Тарик Ахмед Шаукимен кездесу өткізді. Тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мысыр үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысына дайындық мәселелерін талқылады.
Сұхбат барысында МАР үкіметінің мүшесі, техника ғылымдарының докторы Тарик Ахмед бірінші қажетті тауарларды өндіретін өнеркәсіптік кәсіпорындардың нақты қажеттілігін ескере отырып, білікті кадрлық ресурстар мен орта буынды мамандарын даярлау бойынша мысырлық тәжірибесімен бөлісті.
Өз кезегінде, қазақстандық дипломат елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында «Қасіретті қаңтар» сабақтары: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» тақырыбында сөйлеген сөзінде техникалық білімге деген көзқарасты өзгерту қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы Үкіметке «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша қатысу мен еңбекақы мөлшерін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Осылайша, жақын арада Қазақстанда жастардың және халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарының іскерлік бастамаларын іске асыру үшін тиімді жағдайлар жасалады, сондай-ақ халық тығыз орналасқан өңірлерінен келетін жастар үшін гранттар бөлінеді. Қазақстанда 2025 жылға дейін техникалық тұрғыда беделді шетелдік университеттердің бес өкілдігі ашылады.
Кездесу соңында тараптар техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы мекемеаралық келісімнің жобасын әзірлеуге уағдаласты.
Анықтама: Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беретін 787 оқу орны бар, оның 456-ы мемлекеттік (58%), 331-і (42%) жеке меншікте. Колледждер мен лицейлерде 476 мың шәкірттер білім алуда. 280 мың студенттер мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды.