
Каир, 2022 жылғы 5 сәуір - Қазақстанның Каирдегі Елшісі Қайрат Лама Шариф Мысырдың Көлік министрі генерал Камел әл-Уәзирмен кездесті.
Сұхбат барысында тараптар ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мысыр Президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси арасында өткен телефон арқылы сөйлесу барысында көтерілген мәселелерді іске асыру жолдарын қарастырды.
Осы ретте Елші Қайрат Лама Шариф екі ел арасындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуды жаңадан құрылып жатқан көліктік-логистикалық байланыстары, оның ішінде «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» тәріздес тәсілдері арқылы жүзеге асырылуының маңыздылығын атап өтті. Ағымдағы жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтуі жоспарланған Қазақстан-Мысыр сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы 6-шы отырысының мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігіне назар аударылды.
Сондай-ақ тараптар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген Орталық Азия елдерінің көлік-логистикалық консорциумын құру жөніндегі қазақстандық бастаманы жүзеге асырудың өзектілігін және бұның Орталық Азия өңіріндегі әлемдік экономикалық байланыстар жүйесінде зор көліктік-логистикалық әлеуеті бар екеніне келісті.
Министр Камел әл-Уазир өз кезегінде Мысырдың көліктік инфрақұрылымының жетістіктерімен, соның ішінде жыл сайын 20 мың кеме өтетін Суэц каналының мүмкіндіктерімен таныстырды.
Кездесу соңында тараптар екі елдің мүдделі мекемелері мен бизнес құрылымдары арасында көтерілген мәселелерді вебинарлар арқылы талқылап, шешу үшін тұрақты арнайы жұмыс тобын құруға уағдаласты.