
Каир, 2022 жылғы 4 сәуір - Қазақстан Елшісі Қайрат Лама Шариф Мысыр Араб Республикасының Электр энергетикасы және жаңартылатын энергия министрі Мұхаммед Шакермен кездесті.
Оның барысында қазақстандық дипломат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономика мен өнеркәсіпті төмен көміртекті трансформациялаудың базалық тәсілдерін көздейтін Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптылығы доктринасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасы аясында энергетика саласындағы Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер туралы әңгімелеп берді, сондай-ақ Баламалы энергетика мәселелері бойынша жаңа заңды әзірлеу жөніндегі заманауи тәсілдер туралы жоспарлармен бөлісті.
Елші Қайрат Лама Шариф экономиканы әртараптандыру және оның энергия сыйымдылығын төмендету шараларымен қатар, жасыл технологиялар жағына қарай жылжудың маңызды екенін және осыған байланысты жаңа заңда жаңартылатын энергия көздерін ғана емес, барлық баламалы энергия көздерін реттеу нысандары да көрсетілету қажеттілігі туралы атап өтті.
Электр энергетикасы және жаңартылатын энергия министрі Мұхаммед Шакер қазіргі уақытта барлық белгілі энергия түрлерін өндіретін 100 миллионнан астам халқы бар Мысырдың энергетика саласы туралы жан-жақты мағлұматтар беріп, энергетика саласындағы екі жақты ынтымақтастықты, оның ішінде бейбіт атом энергетика салаларында ынтымақтастықты орнату, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға мүдделі екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар биыл Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мысыр үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысы мен 2022 жылдың қарашасында Шарм аш-Шейхте өтетін Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ конференциясының 27-ші сессиясы шеңберінде талқыланатын өзара сындарлы ұсыныстар енгізу туралы уағдаласты.