
Каир, 2022 жылғы 4 сәуір - Соңғы жылдары Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары ғаламдық діни өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасу үшін Қазақстанда тұрақты бас қосуда. Үш жыл сайын Елордамыз діндер, мәдениеттер және өркениеттер арасындағы сұхбатты жүргізетін маңызды алаңға айналуда. Бұл туралы Қазақстанның Мысырдағы Елшісі, Араб мемлекеттері лигасындағы Тұрақты өкілі Қайрат Лама Шариф АМЛ Бас хатшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары доктор Хейфа Әбу Газале ханыммен кездесу барысында айтты.
Әңгімелесу барысында Елші Қайрат Лама Шариф ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне Араб мемлекеттері лигасының Бас хатшысы доктор Ахмед Абул Гейттің атына шақыру хатын табыс етті. Ресми шақыру зор ілтипатпен қабыл алынды.
Хейфа Әбу Газале этносаралық және конфессияаралық татулықтың бірегей қазақстандық моделін жоғары бағалап, оның озық тәжірибесін әлемдік деңгейде тиімді қолдану қажеттілігін атап өтті. Иорданиялық доктор Хейфа Әбу Газале Нобель сыйлығына үміткерлердің бірі ретінде Қазақстанның әртүрлі діндер өкілдері арасында сындарлы сұхбат орнату мен шынайы құрметті нығайту жолындағы Қазақстанның сүбелі орнын ерекше атап өтті.
2005 жылы доктор Хейфа Әбу Газале «1000 әйелді Нобель сыйлығына ұсыну» халықаралық жобасына қатысты. Сондай-ақ ол әйелдер көшбасшылығы саласындағы бірнеше халықаралық және өңірлік марапаттардың лауреаты атанды.
Қазақстандық дипломат өз кезегінде Мысыр, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания, Кувейт, Қатар, Марокко, Оман және Ливан секілді араб елдері Съезге белсенді қатысатындығын жоғары бағалады. Халықаралық сүнниттік діни орталық болып табылатын «әл-Азхардың» өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларымен сұхбаттар жүргізе отырып, Съездің қорытынды құжаттарын қабылдауда зор үлес қосатынын атап өтті. Әсіресе, 19 жыл бойы Жоғарғы имам, «әл-Азхар» шейхі барлық Съездерге тұрақты қатысуда.
Кездесу соңында Елші Қайрат Лама Шариф Қазақстан мен Араб мемлекеттері лигасы арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына, сондай-ақ АМЛ-ның Бас хатшысы Ахмед Абул Гейттің Әлемдік және дәстүрлі діндердің 7-ші съезінің құрметті қонағы ретінде қатысуына сенім білдірді.