
2022 жылғы 6 наурызда Қазақстан мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толды.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах ас-Сисиге құттықтау хатын жолдады.
Мемлекет басшымыз тарихи тұрғыдан осындай қысқа мерзім ішінде дәстүрлі достыққа негізделген ықпалдастығымыз екпінді түрде дамып, берік әрі сенімді әріптестікке айналғанын атап өтті.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Мысыр Қазақстанның араб әлемінде ғана емес, Африка құрлығында маңызды саяси серіктестерінің бірі екендігіне мән берді.
Мемлекет басшысы Мысыр Президентін 2022 жылғы 12-13 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне қатысуға шақырды.
Атаулы датаға орай Мысыр Сыртқы істер министрлігінде болған ресми кездесуде ҚР Президентінің құттықтауы мен шақыруы зор ілтипатпен қабыл алынды. Осы күні мысыр тарапы да өзінің дипломатиялық арналары арқылы құттықтауларын жолдағанын мәлімдеді.