
2021 жылы 29 маусымда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары Кеңесі (АӨСШК) Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай Мысыр Сыртқы істер министрі Самех Шукримен келіссөздер жүргізді.
Кездесу алдында Елші Қайрат Лама Шариф МАР Сыртқы істер министріне Премьер-Министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің атынан 11-12 қазан 2021 ж. Нұр-Сұлтанда өтетін АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің 6-шы кездесуіне шақыртуды тапсырды. Сыртқы істер министрі шақыртуды жылы лебізбен қабыл алды.
Министр Самех Шукри 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары Кеңесін өткізу ұсынысы аймақтағы әріптестіктің жаңа үлгісін қалыптастыруға бастама болғандығын айрықша айтты. 2020-2022 жылдар аралығындағы Қазақстанның АӨСШК-ге төрағалық етуші мемлекет ретіндегі қызметінің тиімділігіне ерекше баға берді. Осы тұрғыда Сенім шаралары тізімдемесіне енгізілген 5 негізгі кластер - әскери-саяси, жаңа сындар мен қатерлерге қарсы тұру, экономикалық, экологиялық және гуманитарлық өлшемдер бойынша қатысушы мемлекеттер арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Қайрат Сарыбай қазіргі таңда АӨСШК танымал әрі беделді форум болып табылатынын және Кеңес қызметіне көптеген елдер қызығушылық танытып отырғанын айтты. Сондай ақ серіктестіктің негізгі бағыттары - саяси, экономикалық, гуманитарлық бағыттары бойынша Форум серпінді ілгерлеуге қол жеткізгендігін атап өтті. Сондықтан АӨСШК бастауында тұрған Мысыр сыртқы істер министрлерінің қазан айындағы Кездесуіне қатысуы Азия аймағында тұрақтылық пен өркендеуді сақтау жолдарын іздеуде үлкен маңызға ие.
АӨСШК мен Африка Одағы арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Тараптар өзара диалогқа қызығушылық таныта отырып, 2022 жылдың наурыз айында Мысыр СІМ-нің құрылғанына 100 жыл және Қазақстан мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай ортақ іс-шара өткізуге ниет білдірді.
Қорытындылай келе, тараптар АӨСШК мен Мысыр арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға, алдағы бірлескен іс-шаралардың кестесі мен ұйымдастыру жағын қарастыруға дайын екендіктерін растады.
Келіссөздерге ҚР-ның МАР-ғы Елшісі Қ.Лама Шариф және АӨСШК Хатшылығының қызметкерлері қатысты.