
2021 жылы 28 маусымда Каирге жұмыс сапарымен келген Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары Кеңесі (АӨСШК) Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай Араб мемлекеттері лигасы Бас хатшысының орынбасары доктор Халед әл-Хаббаспен кездесті.
Сұхбаттасу алдында Елші Қайрат Лама Шариф АМЛ Бас хатшысы Ахмед Абуль Гейт атына жолданған Премьер-Министр орынбасары - Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің 6-шы кездесуіне шақыртуды тапсырды. АМЛ ресми өкілі шақыртуды жылы лебізбен қабыл алды. АМЛ Бас хатшысының шараға қатысуға алдын-ала даяр екендігін білдіре отырып, шақырту серіктестік қатынастардың одан әрі кеңеюіне ықпал ететіндігін жеткізді.
Қайрат Сарыбай сенім шаралары тізімдемесіне енгізілген ынтымақтастықтың бес өлшемі шеңберінде сындарлы диалогты және АМЛ-мен тығыз өзара іс-қимылды жалғастыра берудің маңыздылығын атап өтті. Кеңесті аймақтық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық ұйымға айналдыру процесін бастау тақырыбына ерекше мән берілді.
Доктор Халед әл-Хаббас 2020-2022 жылдар аралығындағы Қазақстанның АӨСШК-ге төрағалық етуші мемлекет ретіндегі қызметінің тиімділігіне ерекше баға берді. Сондай-ақ серіктестіктің негізгі бағыттары - саяси, экономикалық, гуманитарлық бағыттары бойынша Форум серпінді ілгерлеуге қол жеткізгендігін атап өтті.
Кеңесте бақылаушы мәртебесіне ие АМЛ АӨСШК-мен өзара іс-қимылды тереңдетуге мүдделі екендігіне тоқталды. Араб мемлекеттерінің рөлін ерекше атап өтіп, АМЛ-ға мүше 22 араб елінің 14-і Азия құрлығында орналасқандығын, оның 7-і Кеңестің толық мүшесі болып табылатындығын айтты.
Бірлескен жобаларды қаржыландыру үшін Даналар кеңесі мен АӨСШК қорын құру және Талдау орталықтарының форумын тұрақты алаң ретінде қолдану бойынша бастамаларды талқылауға ерекше мән берілді. АМЛ ресми өкілінің айтуынша, бұл бастамалар «бірегейлікті тудыратын ынтымақтастықты ынталандыру» болып табылады. Осы тұрғыда тараптар хатшылықтар арасындағы байланыстарды орнату тетіктерін, сондай-ақ бірлескен іс-шаралардың тиімділігін арттыру жолдарын қарастырды.
Озық тәжірибемен алмасу және көпжақты ынтымақтастықтың әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар халықаралық іс-шараларды бірлесіп әзірлеу және өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.
Келіссөздерге ҚР-ның МАР-ғы Елшісі Қ.Лама Шариф және АӨСШК Хатшылығының қызметкерлері қатысты.