
2021 жылы 28 маусымда Каирдегі «Conrad» қонақ үйінде ҚР-ның Мысырдағы Елшілігі АӨСШК Хатшылығымен бірлесіп «2021-2022 жылдардағы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңесте Қазақстанның төрағалығының басымдықтары: бес өлшем бойынша сенім шараларын іске асыруы» атты дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелге АӨСШК Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай, МАР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ихаб Бадауи, Араб мемлекеттері лигасы Бас хатшысының орынбасары Халед әл-Хаббас, сыртқы саяси ведомствоның басшылары, Каирде аккредиттелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, аналитикалық орталықтар мен институттардың директорлары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
АӨСШК Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай өз сөзінде АӨСШК Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың идеясынан басталып жаңа сындар мен қатерлерге аддекватты және тиімді жауап беруге қабілетті халықаралық ұйымға айналғанын атап өтті.
МАР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ихаб Бадауи 2020-2022 жылдар кезеңінде Қазақстанның АӨСШК-ге төрағалық етуші мемлекет ретінде серіктестіктің көптеген маңызды бағыттары - саяси, экономикалық, гуманитарлық бағыттары бойынша қызметінің жоғары тиімділігін атап өтті. Мысыр Солтүстік Африкада және Азия құрлығындағы Синай түбегінде орналасқан ірі трансконтиненттік мемлекет ретінде АӨСШК мен Африка Одағы арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін баса айтты.
Араб мемлекеттері лигасы Бас хатшысының орынбасары Халед әл-Хаббас кездесуде бақылаушы мәртебесіне ие АМЛ-дың АӨСШК-мен өзара іс-қимылды тереңдетуге мүдделі екендігіне тоқталды. Ол Кеңестің жоғары халықаралық беделін атап өтті. Оған АӨСШК жұмысына Араб мемлекеттері лигасының мүшелері болып табылатын 7 мемлекеттің толыққанды қатысуы Кеңес беделінің жоғарғы екендігіне айқын дәлел.
«Әл-Ахрам» саяси және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры АӨСШК жанынан тұрақты платформа ретінде аналитикалық құрылымдар форумын құрудың маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ сенім шаралары тізімдемесіне енгізілген ынтымақтастықтың бес өлшемі аясында сындарлы диалогты жалғастырудың және аналитикалық құрылымдардың АӨСШК-мен тығыз өзара әрекеттесуінің маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша қатысушылар АӨСШК-мен сындарлы өзара әрекеттестікке және аймақтық серіктестікті құру мақсатында жаңа жобаларды іске асыруға мүдделі екендіктерін білдірді.