
2021 жылдың 30-31 мамырында Александрия провинциясына жұмыс сапары аясында Елші Қайрат Лама Шариф провинция губернаторы генерал Мұхаммед аш-Шерифпен кездесті.
Сұхбаттасу барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайына қанағаттанушылық білдіріп, одан әрі кеңейтудің маңыздылығына тоқталды. Елші Қайрат Лама Шариф Александрияны Мысырдың ірі экономикалық және логистикалық орталықтарының бірі екендігін, сондай ақ Африка құрлығына шығатын теңіз қақпасы ретінде атап өтті. Осыған байланысты өңірмен ынтымақтастықты дамыту Қазақстан үшін бірінші кезектегі маңызға ие. Өзара сауда көлемін ұлғайту, Мысырға жеткізілетін қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуетін кеңейту және әртараптандыру қажеттілігі атап өтілді. Александрия мен Алматы қалалары арасындағы бауырластық қатынастарды нығайтудың өзектілігіне ерекше назар аударылды.
Губернатор Мұхаммед аш-Шериф Александрия мен қазақстандық тарап арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайына қанағаттанушылық білдірді. Бұл тұрғыда екіжақты қатынастарды жоғары деңгейде ұстап тұрудың, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық серіктестікті одан әрі нығайтудың, қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асырудың және қазақстандық астықты Александрия теңіз порты арқылы жеткізу бойынша жаңа перспективті экспорттық жобаларды әзірлеудің маңыздылығы атап өтілді.
Сол күні Қ.Лама Шариф Александрия теңіз портының Директорлар Кеңесінің төрағасы, капитан Тариқ Шахинмен кездесіп, тараптар өзара іс-қимыл мен аймақтың көліктік-логистикалық әлеуетін талқылады. Мысыр ауылшаруашылық өнімдерінің, әсіресе астықтың ірі импортері екенін ескере отырып, қазақстандық дипломат ұн мен бидайды түсіруге мамандандырылған теңіз портының 5-ші аймағының жұмысымен танысты.
Сонымен қатар, сапар барысында Елші бірқатар өндірістік нысандарды аралап, «AlexForm» болат құрылымдары зауытының Бас директоры Мамдух Хосни және «SummerMoon» балық зауытының басшысы доктор Хани Елменшауимен кездесті.