Қазақстан мен Мысыр ақпарат кеңістігіндегі серіктестіктің жаңа көкжиектеріне ұмтылуда

Қазақстан мен Мысыр ақпарат кеңістігіндегі серіктестіктің  жаңа көкжиектеріне ұмтылуда

Бүгін Қазақстанның Каирдағы Елшісі Қайрат Лама Шариф Мысыр Ұлттық Медиа Агенттігінің жаңадан тағайындалған Атқарушы директоры Хусейн Камал Абдел Қадыр Зейнмен алғашқы кездесуін өткізді.

Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің қалыптасуы мен дамуының үш онжылдықтағы негізгі кезеңдерін қорытындылайтын, сондай ақ алдағы онжылдықтағы міндеттерді айқындайтын «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласымен таныстырды. Көптеген елдердің ақпараттық кеңістігінде тарап жатқан жаһандық және аймақтық сын-қатерлерді еңсеру жөніндегі Қазақстанның халықаралық бастамалары мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаев негізін қалаған ҚР сыртқы саясатының ерекшеліктерін баяндап берді.

Кездесу барысында екі елдің ұлттық күндері мен мерекелеріне арналған деректі фильмдер мен радиотеледидарлық бағдарламаларды тиімді насихаттау мен алмасу мәселелерін талқыланды. Осы тұрғыда қазақ дипломаты мысырлық телеарналарда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бірқатар деректі фильмдерді көрсету мүмкіндігі туралы ұсыныс жасап, мысыр тарапынан қолдау тапты.

Сондай-ақ мысырлық аудиторияны теледидар арқылы қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетінің інжу-маржандарымен, қазақстандық әдеби-тарихи мұраның жауһарларымен таныстыру мәселесін қарастыруды ұсынды. Мәселен, мысырлық әріптестер көне Египеттің тарихы туралы, оның ішінде біздің көрермендер үшін өте қызықты болып табылатын Мәмлүк дәуірінің маңызды кезеңдері туралы ғылыми және танымдық фильмдерді қазақстандық телеарналарда көрсете алатын болады.

Кездесу кезінде тараптар «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы мен Мысырдың Ұлттық медиа Агенттігі арасында Өзара түсіністік туралы Меморандумға жақын арада қол қоюға уағдаласты. 

Сонымен қатар келіссөздер барысында Қазақстанды Египетте және араб әлемінде таныту мақсатында «Qazaq TV» ұлттық спутниктік телеарнасының мысырлық ірі қонақ үйлерінің желілерінде қол жетімді болуы қарастырылды.

Биыл «Qazaq TV» телеарнасы араб және шетелдік көрермендерге ағылшын тіліндегі жаңалықтарды, ойын-сауық бағдарламаларды және Қазақстанның мәдениеті, тарихы, дәстүрлері туралы, сондай-ақ заманауи деректі фильмдерді ұсынатын болады.

Қазіргі уақытта «Qazaq TV» сигналы әлемнің 118 елінің аумағында, соның ішінде Батыс және Шығыс Еуропада, Солтүстік Америкада, Африкада, Таяу Шығыста және Азия-Тынық мұхиты өңірінде қолжетімді. Хабар таратудың техникалық параметрлері қолданыстағы халықаралық стандарттарға сәйкес келетіндігін атап өтілді.

Мысыр Ұлттық Медиа Агенттігінің басшысы қазіргі уақытта дос әрі бауырлас екі елдің жетекші ақпараттық құрылымдары арасында сындарлы өзара түсіністік орнату мәселесі өте маңызды екенін баса айтты.

Кездесу соңында тараптар тұрақты байланыста болатындығына келісті.