Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Қайрат Лама Шариф Араб мемлекеттері Лигасында аккредиттелінді

Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Қайрат Лама Шариф  Араб мемлекеттері Лигасында аккредиттелінді

2021 жылы 18 сәуірде Каирдегі Араб мемлекеттері Лигасының (АМЛ) Каир қаласында орналасқан штаб-пәтерінде Қазақстанның Мысырдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Лама Шариф осы аймақтық ұйымның Бас хатшысы Ахмед Абул Гейтке ҚР Сыртқы саяси мекемесінің басшысы Мұхтар Тілеубердінің АМЛ-ге аккредиттеу туралы ресми хатын тапсырды.

Кездесу барысында тараптар өзара тиімді қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен одан әрі даму көкжиектері туралы пікір алмасты. АМЛ Бас хатшысы Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен тұрақты дамуға, соның ішінде Сириядағы дағдарыстық жағдайды шешуге бағытталған Астана процесі арқылы қосқан орасан зор үлесін жоғары бағалады. Сирияаралық келіссөздердің 15 раундының Астанада сәтті өткендігін атап өтті.

Елші Қайрат Лама Шариф Қазақстан жетекші рөл атқаратын ядролық қарусыздану және таратпау тақырыбына тоқталды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шарт ұйымының «Ядролық қарудан азат әлемнің чемпионы» мәртебесін беруі Елбасының халықаралық аренадағы лайықты беделін мойындау екендігін айтты.

Сонымен қатар қазақстандық дипломат Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына АМЛ-дің қолдауы мен қатысқаны үшін ризашылық білдірді, Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу бойынша Мінез-құлық кодексі, Ядролық қарудан азат әлемді құру туралы жалпыға бірдей декларацияны бекіту секілді бірқатар маңызды халықаралық бастамаларының іске асыру барысымен таныстырды.

Араб мемлекеттері Лигасының Бас хатшысы Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалығы кезіндегі басымдықтарын қолдайтындығын, бүгінде бұл ұйымға бақылаушы болып табылатын АМЛ ұйым қызметіне үлкен қызығушылық танытатындығын, сондай-ақ АӨСШК танымал және беделді форум екендігін атап өтті.

АМЛ басшысы Ахмед Абул Гейт Қазақстан өзінің Тәуелсіздігінің 30 жылдары ішінде халықаралық деңгейде шартарапта қажырлы күш-жігер жұмсағандығын, әсіресе сындарлы және бейбіт саясат арқасында Қазақстан антиядролық қозғалыс идеяларын, конфессияаралық диалогты табысты ілгерлетуге, бейбітшілікті нығайтуға және қақтығыстарды тоқтатуға зор үлес қосуда екендігін атап өтті. Осы тұрғыда АМЛ мен Қазақстан арасындағы барлық негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамыту үшін әлеуетті толық пайдалану маңыздылығына мән берді.