Мысырдың Жоғарғы Конституциялық Сотының басшылары Қазақстанның мерейтойлық медальдарымен марапатталды

Мысырдың Жоғарғы Конституциялық Сотының басшылары Қазақстанның мерейтойлық медальдарымен марапатталды

2020 жылғы 15 қарашада Каирде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен Мысыр Араб Республикасы Жоғары Конституциялық сотының төрағасы Саид Марей мен оның орынбасары Әбдел Омар Шерифті салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шараға Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Әбдел Уахаб Әбдел Разиқ, Әділет министрі Омар Маруан, Ақпарат министрі Осама Хейкал, Мемлекеттік Кеңестің Төрағасы Мұхаммед Хусам ад-Дин, тағы басқа көрнекті саяси қоғам қайраткерлері, МАР аккредиттелген шет мемлекеттердің елшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Лама Шариф мерейтойлық медальдарды табыс етті. Елші қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде Ата Заң еліміздің жаңа тарихында Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірлікті іске асыру стратегиялық көзқарасының және халқымыздың еркіндігі үшін жаңа қадам болғанын және қазіргі уақытта бұл бағытты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келе жатқандығын атап өтті. Мысыр тарапына екі елдің сот органдары арасында сындарлы өзара іс-қимылды жолға қойғаны үшін ризашылығын білдірді.

Сөз кезегінде МАР Жоғары Конституциялық сотының төрағасы Саид Марей мен оның орынбасары Әбдел Омар Шериф Қазақстанның осындай ерекше ілтипатына шынайы алғыстарын білдіріп, «бұл оқиғаны Қазақстанмен өзара қарым-қатынастарды дамыту және одан әрі тереңдету жөніндегі мысырлық күш-жігерді тану және бағалау ретінде қарастыратынын» атап өтті. Конституциялық соттың басшысы аталған іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өтіп жатқандығына тоқталып, Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайтудағы ерекше рөлін тілге тиек етті. Саид Марей Қазақстан мен Мысырдың сот органдары арасындағы сындарлы өзара іс-қимыл рухындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға мүдделік танытты.

Сонымен қатар Елші Қайрат Лама Шариф іс-шараның құрметті қонақтарының бірі Мысыр Араб Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Әбдел Уахаб Әбдел Разиктің осы лауазымға сайлануымен құттықтап, оның атына келіп түскен Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы 2021 жылдың 10 қаңтарында Қазақстанда өтетін парламенттік сайлау «демократиялық қайта құрулардың жолын сенімді ілгерілетудің, ұлттық әл-ауқат деңгейін арттырудың тағы бір айқын дәлелі болады» деп мәлімдеді. «Мысыр елі Қазақстанмен қалыптасқан достығын шынайы бағалайды. Біз саясаттағы, экономикадағы, ғылымдағы, мәдениеттегі ортақ жетістіктерімізді мақтан тұтамыз. Халықаралық сахнада қол жеткізілген өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін бағалаймыз»,- деп сөзін түйінеді.

Салтанатты жиында Қазақстан Елшісі өз кезегінде екі елдің жоғарғы палаталары арасында парламентаралық достық топтың құрылғандығын хабарлады. Оның құрамына Қазақстан тарапынан ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров бастаған 11 депутат кіргендінін жеткізді.