Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен
әл-азһар университеті (египет араб республикасы) арасындағы ғылыми және мәдени ынтымақтастық туралы
к е л і с і м
Жалпы ұғымдар
Бірінші бап
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен әл-Азһар әш-Шариф университеті мүдделік танытатын мәселелер төңірегінде ақылдасу байланыстарын жасай отырып ынтымақтасады. Тараптар ғылыми, мәдени жұмыстарын үйлестіре жүргізетін болады. Қазақстанның Бас мүфтиі мен әл-Азһар университетінің ректоры осы келісім аясында ынтымақтасуды іске асыратын барлық қажетті шараларды қабылдайды.
Екінші бап
Осы келісім не оған енгізілетін өзгерістер бұрын белгіленген жұмыстарына әсер етпейді.
Үшінші бап
Тараптар пікір алмасу, мәдени салада лекциялар оқу, ғылыми зерттеулер жүргізу, конференциялар мен симпозиумдарға қатысу мақсатында діни басшылар мен оқытушылардың қысқа мерзімді сапарларымен алмасады. Бұл шаралар тараптар өзара мақұлдаған уақытта, сондай-ақ әр тарап өзі талап еткен арнайы мамандықтарға сәйкес іске асады.
Төртінші бап
Әл-Азһар әш-Шариф университеті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажет деп санаған әрі қалауы негізінде оқытушылармен қамтамасыз етеді. Әл-Азһар университетінде қабылданған ережелерге сәйкес олар бір жылдық мерзімге келісім-шарт негізінде жұмысқа алынады және бұл мерзімді жаңартып отыруға болады.
Бесінші бап
Тараптар өздерінде қалыптасқан ережелерге сәйкес мерзімді басылымдар, кітаптар, зерттеулер, газет-журналдармен алмасады.
Алтыншы бап
Әл-Азһар әш-Шариф университеті магистратура және докторантура дәрежелеріндегі қазақстандық аспиранттарға жетекшілік етеді. Бірлескен жетекшілік Әл-Азһар университеті факультеттерінің біріне сай келетін лиценциат не бакалавр дипломдардың иегерлеріне арналған жүйеге сәйкес жүргізіледі.
Жетінші бап
Әл-Азһар әш-Шариф университеті «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің 10 студентін жыл сайын бір жылдық тіл жетілдіру курсынан өткізеді.
Сегізінші бап
Осы келісім қол қойылған күннен бастап бес жылға дейін күшінде болады. Егер Тараптардың бірі оның әрекетін тоқтатқысы келетін тілегі туралы, келісім өз күшін жоярдан кем дегенде алты ай бұрын мәлімдемесе, келісім өзінен-өзі келесі осындай мерзімдерге ұзартылады.
Тоғызыншы бап
Осы келісім Каир қаласында 2013 жылдың 27-мамырында екі дана болып, әрқайсысы қазақ және араб тілдерінде жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
Қазақстан мұсылмандары Әл-Азһар университеті
діни басқармасы үшін үшін
Ержан қажы МАЯМЕРОВ Доктор Ахмед Тайиб
Қазақстанның Бас мүфтиі Әл-Азһар шейхы