Будапешт, 2025 жылғы 7 наурыз – Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде Elitmag Kft. басшылығымен тұқым өндірісін жергіліктендіру және агроөнеркәсіп секторындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне арналған кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанда тұқым өндірісін ұйымдастыру мүмкіндіктерін талқылады. Бұл қадам елдің жоғары сапалы тұқымдармен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып қана қоймай, импортқа тәуелділікті азайтып, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына ықпал етеді.
Elitmag Kft. компаниясы Қазақстанмен серіктестікті дамытуға мүдделі екенін білдірді, соның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптарын бейімдеу және селекциялау бойынша бірлескен бағдарламаларды әзірлеу жоспарлары талқыланды. Elitmag Kft. компаниясының бас директоры Андраш Шандорфи Қазақстанның тұқым шаруашылығы саласындағы стратегиялық серіктес ретіндегі жоғары әлеуетін атап өтіп, елдің аграрлық секторына озық технологияларды енгізу мақсатында технологиялық ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар, озық агротехнологияларды, оның ішінде селекцияның инновациялық әдістерін, тұқымдарды тазарту және өңдеу технологияларын беру мәселелері қарастырылды. Осы тұрғыда компания қазақстандық ғылыми-зерттеу институттарымен және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен тәжірибе алмасуға дайын екенін мәлімдеді.
Тараптар диалогты жалғастыруға және екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екендіктерін білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша серіктестіктің ықтимал нысандарын егжей-тегжейлі пысықтау және салалық ведомстволар мен сарапшылар топтары деңгейінде нақты инвестициялық тетіктерді әзірлеу туралы шешім қабылданды.