Будапешт, 2025 жылғы 4 наурыз – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігінде Елші Абзал Сапарбекұлы мен Мажарстан Туристік Агенттіктер Ассоциациясының (MUISZ) Президенті Юдит Молнармен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Қазақстанды Мажарстан нарығында туристік бағыт ретінде ілгерілету, тікелей әуе қатынасын кеңейту, оның ішінде Wizz Air әуе компаниясымен ынтымақтастық мүмкіндіктері, сондай-ақ мажар компанияларын Қазақстанның туризм саласындағы инвестициялық жобаларына тарту мәселелері талқыланды.
Екі тарап экотуризм, этномәдени туризм, іскерлік (MICE) туризм және басқа да бағыттарды дамыту бойынша ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді.
Кездесудің маңызды мәселелерінің бірі Digital Nomad Visa мүмкіндіктерін талқылау болды. Бұл виза қашықтан жұмыс істейтін шетел азаматтарына Қазақстанда бір жылға дейін тұруға мүмкіндік береді. Аталған бастама халықаралық мамандарды тарту және іскерлік туризмді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстанның туризм саласындағы соңғы жетістіктері қарастырылды. 2024 жылы елге 9,2 миллионнан астам турист келді, Қазақстан Lonely Planet нұсқасы бойынша әлемдегі ТОП-10 үздік туристік бағыттардың қатарына енді, ал Алматы қаласы The New York Times-тың 52 үздік туристік орындары тізіміне қосылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар туризм саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, келіссөздерді жалғастыруға, сондай-ақ екі елдің туристік бизнес өкілдерімен бірлескен іс-шаралар мен іскерлік кездесулер өткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін растады. Сонымен қатар, мажар туристік компанияларының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді, бұл ынтымақтастық әлеуетін зерттеуге және қазақстандық серіктестермен өзара іс-қимылды дамытуға мүмкіндік береді.