Инвестициялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықтың келешегі: Қазақстан мен Ganz-MaVag International Kft. негізгі бастамаларды талқылауда

Инвестициялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықтың келешегі: Қазақстан мен Ganz-MaVag International Kft. негізгі бастамаларды талқылауда

Будапешт, 2025 жылғы 4 наурыз – Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде Ganz-MaVag International Kft. басшылығымен теміржол вагондарын өндіруді жергілікті деңгейде дамыту және көлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылауға арналған кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанда теміржол вагондарын құрастыру және өндіру бойынша өндірістік қуаттарды құру перспективаларын қарастырды. Бұл бастама жергілікті өндіріс деңгейін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын құруға және елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Ganz-MaVag International Kft. компаниясы Қазақстанда жолаушылар вагондарын бірлесіп өндіру жобасын іске асыруға қызығушылық білдірді, бұл еліміздің теміржол машина жасау саласын дамытудағы маңызды қадам болмақ.

Сондай-ақ, теміржол паркін жаңғырту, заманауи жылжымалы құрамды жеткізу және техникалық қызмет көрсету саласындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. Осы тұрғыда компания жолаушылар вагондарын күтіп-ұстау бойынша сервистік орталық құруға дайын екенін мәлімдеді, бұл вагондардың үздіксіз пайдаланылуын және техникалық қызмет көрсетуді жоғары деңгейде қамтамасыз етеді.

Бұған қоса, тараптар машина жасау саласындағы технологиялар трансфері мен мамандарды даярлау перспективаларын, оның ішінде кәсіби білім беру және тағылымдамалар бағдарламаларын талқылады.

Қазақстан теміржол секторына цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізуде, бұл кездесу барысында қарастырылған негізгі мәселелердің бірі болды. Кездесу барысында қозғалысты интеллектуалды басқару жүйелерін енгізу, алдын ала техникалық қызмет көрсету технологиялары және теміржол инфрақұрылымының тиімділігін арттыру мақсатында цифрландыру процестері талқыланды.

Тараптар диалогты жалғастыруға және екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша салалық сарапшылар мен тиісті мемлекеттік органдар деңгейінде нақты инвестициялық тетіктер мен өзара іс-қимыл форматтарын одан әрі талқылау туралы шешім қабылданды.