Қазақстан жастары Мажарстанда ақпараттық технологиялар саласындағы дипломдарын алды

Қазақстан жастары Мажарстанда ақпараттық технологиялар саласындағы дипломдарын алды

Будапешт, 2025 жылғы 28 ақпан – Эётвёш Лоранд атындағы университетте Ақпараттық технологиялар факультетінің бакалавриат және магистратура түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсімі өтті.

Әлемнің әртүрлі елдерінен, соның ішінде Қазақстаннан да студенттер ақпараттық технологиялар саласындағы жоғары білім дипломдарын алды. Олар компьютерлік ғылымдар, автономды жүйелер, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, деректер ғылымы, сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз ету және қызметтер архитектурасы бойынша білімдерін тәмамдады.

Түлектерге құттықтау сөздерін факультет деканы, доктор Тамаш Кожик және университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының өкілдері жеткізді.

Іс-шараға қатысқан Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Қазақстаннан келген түлекті университетті аяқтағанымен құттықтап, жетістіктерге тоқтап қалмай, кәсіби дамуды одан әрі жалғастыруға тілектестік білдірді.

Айта кету керек, Мажарстан университеттері Еуропадағы ең көне оқу орындары қатарында саналып, 600 жылдық тарихқа ие. Бұл ел әлемде Нобель сыйлығын ең көп алған 20 мемлекет қатарына кіреді. Сонымен қатар, Мажарстан үкіметі Қазақстанға жыл сайын «Стипендиум Хунгарикум» бағдарламасы аясында 250 білім беру грантын бөлуді дәстүрге айналдырған.