Будапешт 2025 жылғы 13 ақпан – 2025 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу жөніндегі «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты іс-шаралар жоспарының аясында Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Будапештті фашистік басқыншылардан азат етілгеніне 80 жылдығына орай гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Іс-шара Мажарстан астанасы Будапешттегі «Szabadság» алаңында өтті.
Іс-шараға Мажарстанда аккредиттелген Әзербайжан Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы дипломатиялық миссияларының басшылары қатысты.
Рәсім аяқталған соң, қатысушылар фашистік басқыншыларға қарсы күресте ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Кеңес жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою – батырлардың жанқиярлық ерлігін құрметтеп, олардың мәңгілік рухына тағзым етудің айқын белгісі болды.
Анықтама: Будапешт операциясы – Екінші дүниежүзілік соғыстағы маңызды шайқастардың бірі. Бұл стратегиялық шабуыл Кеңес Одағының бастамасымен 1944 жылдың 29 қазанынан 1945 жылдың 13 ақпанына дейін жүргізілді. Оның басты мақсаты – Мажарстанды «ось» елдерінің ықпалынан босатып, қарсылас күштерді толықтай талқандау болды. Операцияға 720 мыңнан астам жауынгер қатысып, олардың 80 мыңы ұрыс алаңында ерлікпен қаза тапты, ал 240 мыңнан астамы жарақат алды. Бұл тарихи шайқаста қазақстандық жауынгерлер де ерлікпен шайқасып, өз үлестерін қосты.