Будапешт, 2025 жылғы 28 қаңтар - ҚР Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысының орынбасары Каталин Бихаримен кездесіп, өзекті мәселелер мен ағымдағы жылға арналған жоспарларды талқылады.
Кездесу барысында тараптар соңғы жылдары Қазақстан мен Мажарстан арасындағы екіжақты байланыстардың айтарлықтай жанданғанын атап өтті. 2023 жылғы қарашада Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның Астанаға жасаған ресми сапары мен 2024 жылғы қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Будапештке жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы қарым-қатынастардың барлық кешеніне жаңа мазмұн бергені ерекше атап өтілді.
Осыған байланысты тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысын талқылап, пікір алмасты. Олар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екенін атап өтті. Осы тұрғыда тараптар энергетика, логистика, IT, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы және ара шаруашылығы сияқты салаларды қамтитын келешекті қазақстандық-мажар инвестициялық жобаларды талқылап, олардың екі тарапқа да тиімді екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, екі ел арасындағы серіктестікті жандандырудағы қазақстандық-мажар үкіметаралық экономикалық ынтымақтастық комиссиясының маңызды рөлі атап өтілді. Тараптар аталған комиссияның кезекті отырысы биыл Астанада өтетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Елші жоғары лауазымды мажар дипломатқа Қазақстан Президентінің 2025 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі туралы ақпарат берді. Мемлекет басшысы өз баяндамасында Қазақстанда инвестициялық және іскерлік ахуалды жақсарту стратегиясын, сондай-ақ шетелдік инвестициялар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған шараларды ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Астана мен Будапешт арасындағы серіктестікті нығайту мақсатында екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстарды қолдауға уағдаласты.
Анықтама: ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналымы 180,5 млн АҚШ долларын құрады. 2023 жылы бұл көрсеткіш 187,6 млн АҚШ долларын құраған.