Будапешт, 2025 жылғы 23 қаңтар - Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Адам Штифтермен кездесіп, Қазақстан-Мажарстан стратегиялық серіктестігі аясында екіжақты қатынастардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерін талқылады.
Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастарының жай-күйі мен келешегін, алдағы жоғары және биік деңгейдегі екіжақты сапарларды, сондай-ақ ынтымақтастық аясын кеңейту мүмкіндіктеріне шолу жасап, құқықтық база, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара әрекеттесу перспективаларына тоқталып өтті.
Кездесу барысында, тараптар бұған дейін қол жеткізген уағдаластықтардың жай-күйін зерделеп, былтыр ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Будапештке жасаған мемлекеттік сапары барысында Мажарстан Премьер-министрі В.Орбанмен өткізген келіссөздердегі келісімдерді іске асыру жолдарын талқылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша, дипломаттар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту бағытына, әрі 2024 жылдың маңызды жыл болғанына тоқталып, 2025 жылдың да екіжақты және көпжақты деңгейде ауқымды да маңызды іс-шаралармен жалғасатынына сенім білдірді.