Қазақстан Елшісінің «4iG Group» компания өкілдерімен кездесуі

Қазақстан Елшісінің «4iG Group» компания өкілдерімен кездесуі

Будапешт, 2025 жылғы 20 қаңтар - Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Орталық Еуропадағы телекоммуникациялар мен IT-қызметтер саласындағы көшбасшы «4iG» компаниясының басшылығымен кездесу өткізді.

Талқылау барысында цифрлық трансформация, телекоммуникациялық шешімдерді енгізу және Қазақстандағы ғарыштық және қорғаныс өнеркәсібі технологияларын дамыту перспективалары қарастырылды. Мажарстандағы ғарыш және қорғаныс саласының көшбасшысы болып табылатын «4iG Space and Defence Technologies» компаниясы Қазақстанның басымдықтарына сәйкес келетін спутниктік байланыс, Жерді қашықтықтан зондтау және геокеңістіктік қызметтер бойынша заманауи шешімдер ұсынуға дайын екенін білдірді.

Компания 2025 жылдың сәуір айында Бакуде өтетін ғарыштық технологиялар конференциясының (STC) бас демеушісі болуды жоспарлап отырғанын және осы алаңда қазақстандық делегация өкілдерімен кездесуге қызығушылық білдірді.

Кездесу аясында «4iG» өз мүмкіндіктерін, соның ішінде спутниктік шоқжұлдыздар құру жоспарларын, заманауи деректерді өңдеу қызметтерін және ғарыштық инфрақұрылымның кешенді шешімдерін таныстырды. Елші Абзал Сапарбекұлы Қазақстан IT және телекоммуникациялар саласына халықаралық инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті. Негізгі бастамалардың бірі ретінде желілік инфрақұрылымды дамыту, деректерді қорғау және цифрландыру саласындағы бірлескен жобалар ұсынылды.

«4iG Space and Defence» Technologies компаниясының бас директоры, доктор Иштван Сархедьи, Қазақстанмен ынтымақтастық перспективаларын жоғары бағалайтынын атап өтті. Ол «4iG» компаниясы цифрлық трансформацияны қолдауға және киберқауіпсіздікті арттыруға арналған озық шешімдерді ұсынуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар, екі елдің технологиялық әлеуетін нығайтуға бағытталған өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.

Кездесудің нәтижесінде тараптар келіссөздерді жалғастыруға және басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге келісті. Қатысушылар екі ел арасындағы байланысты нығайту және өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.