Қазақстан мен Мажарстан қаржы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда: банк интеграциясының келешегі

Қазақстан мен Мажарстан қаржы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда: банк интеграциясының келешегі

Будапешт, 2024 жылғы қараша - Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мен Қазақстан Ұлттық Банкінің (ҚҰБ) делегациясы Мажарстанға ресми сапарын аяқтады. Бұл сапар банк және қаржы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Сапар барысында қазақстандық делегация Мажарстан Ұлттық Банкі (МҰБ) ұйымдастырған «Budapest Eurasia Forum 2024» конференциясына қатысты. ҚНРДА төрайымы Мадина Әбілқасымова пленарлық отырыста баяндама жасап, Қазақстанның қаржы жүйесін трансформациялау мәселелеріне қатысты көзқарасын таныстырды. Ол банк секторының цифрландыруы, тұрақты өсуі және либерализациясы шетелдік инвесторларды тартуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Оның баяндамасы форум қатысушыларының кең қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар, делегация Мажарстан Ұлттық Банкі және Мажарстанның ірі коммерциялық банктері — MBH Bank пен OTP Bank өкілдерімен кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында қаржы институттарын қадағалау, цифрлық технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. MBH Bank Қазақстандағы қызметін кеңейтуге, оның ішінде филиалдар ашуға қызығушылық білдірді. OTP Bank өз кезегінде Қазақстанның ірі банктерінің бірін сатып алуға стратегиялық қызығушылық танытты, бұл олардың халықаралық кеңеюінің маңызды кезеңі болмақ.

«ҚНРДА мен Ұлттық Банк делегациясының Мажарстанға сапары венгриялық қаржы институттарының Қазақстанмен ынтымақтастыққа жоғары қызығушылығын көрсетті. Біз екіжақты байланыстарды нығайтуда зор әлеуетті көріп отырмыз және бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға дайынбыз», — деді Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы.

Бұл сапар екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезеңге айналды және банк пен қаржы салаларындағы өзара іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Қазақстандық тарап мажарлық банктер өкілдерінің жергілікті нарықпен танысу және келіссөздерді жалғастыру мақсатында жауап сапарын ұйымдастыруды ұсынды.