Қазақ елшісі Мемлекеттік жиналыс төрағасының қабылдауында болды

Қазақ елшісі Мемлекеттік жиналыс төрағасының қабылдауында болды

Будапешт, 2024 жылғы 29 қазан - Қазақстан Республикасының Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстан Мемлекеттік жиналысының (Парламент) Спикері Ласло Көвердің қабылдауында ізеттілік сапармен болды.

Сұхбат барысында екіжақты қатынастардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және парламентаралық қарым-қатынастардың жай-күйі мен келешегі, алдағы жоғары және биік деңгейдегі екіжақты сапарларды өткізу мүмкіндіктері талқыланды.

Сұхбаттастар, күннен күнге Қазақстан мен Мажарстан арасындағы байланыстар аясының кеңейіп келе жатқанын атап өтіп, 7-8 қазанда Мажарстанға өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың ресми сапары парламенттік дипломатияға үлкен серпін бергеніне тоқталды. 2025 жылы мажар заң шығарушы билігінің төрағасы Ласло Көвердің Қазақстанға қарымта сапары жоспарланып отыр.

Елші Абзал Сапарбекұлы Ерлан Қошановтың сапарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, жылы қонақжайлық танытқаны үшін мажар тарапына қазақ тарапының алғысын жеткізіп, сапардың нәтижелі де мазмұнды болғанын айтты.

Бұдан басқа, қазақ дипломаты алдағы елдер арасындағы байланыстарды дамыту жоспарларымен бөлісіп, басты назар саяси диалогты одан әрі шыңдауға, экономикалық дипломатияны жүргізу мен мәдени-ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталады, деді. Қазақстан мен Мажарстан жоғары басшыларының сапарларында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны баяндалды.

Ласло Көвер, сұхбат соңында Елшіге алдағы жұмыстарында сәттілік тілеп, ниеттестік танытты.