Қазақстан және Мажарстан экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейтуде

Қазақстан және Мажарстан экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейтуде

Будапешт, 2024 жылғы 22 қазан – Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Каталин Бихаримен кездесті.

Кездесу барысында тараптар, өзара тиімді екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, оның ішінде энергетика мен аграр секторлері, көлік логистикасы басқа да басым салалардағы өзара іс-қимылды тереңдету мәселелерінің кең ауқымын талқылады. Екі ел арасындағы әріптестікті жандандырудағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-мажар үкіметаралық комиссиясының рөлі ерекше атап өтілді.

Екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, тараптар екі елдің мүдделі ведомстволары мен бизнес құрылымдары арасындағы ведомствоаралық құжаттардың және коммерциялық келісімдердің жобаларын қарауды жандандыру бойынша өзара іс-қимылға келісті.

Кездесу барысында, қазақ Елшісі жоғары лауазымды мажар дипломатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы туралы хабардар етті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-мажар қарым-қатынастары екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша тұрақты және дәйекті даму динамикасына ие екенін мәлімдеп, өзара қызығушылық тудыратын барлық мәселелер бойынша тұрақты диалогты жалғастыруға келісті.

Анықтама: ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналымы 131 млн АҚШ долларын құрады. 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 187,6 млн долларды құрады.