Карцаг, 2024 жылғы 3 қазан – Мажарстанның Карцаг қаласында Еуропаның жетекші тұқым өндірушілерінің бірі «Alfaseed» ЖСН мажар компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Alfaseed компаниясының бас директоры Фазекаш Миклош, Шығыс Еуропа және Азия аймақтық директоры доктор Молнар Пал және Қазақстан Елшілігінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі/Kazakh Invest өкілі Ұлбосын Сарыбаева қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыптары Қазақстандағы компанияның тұқым өндірісін талқылау және сорго өсіру жобасын жүзеге асыру, оны әрі қарай өңдеу, көршілес нарықтарға экспорттау жоспарын қамтыды. Alfaseed компаниясы 2023-2024 жылдары Қазақстанда өз тұқымдарын сәтті сынақтан өткізді және олардың жергілікті жағдайларға жоғары бейімділігі мен тұрақтылығын атап өтті.
Компания Қазақстанда тұқым өндірісін бастауға дайын екенін білдіріп, маңызды артықшылықтарды атап өтті: қолайлы бизнес-климат, көлік шығындарын қысқарту және елдің экспорттық әлеуеті. Кездесу нәтижесінде тараптар сорго жобасын одан әрі дамыту және тұқым өндірісі саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келісімге келді.
Alfaseed Қазақстанды өндірісті кеңейту және жаңа нарықтарға шығу үшін стратегиялық серіктес ретінде маңызды екенін атап өтті.
Alfaseed компаниясы туралы
Alfaseed — Еуропадағы жетекші отбасылық компания, сорго, күнбағыс және бұршақ тұқымдарын селекциялау, өндіру және сату саласымен айналысады. Компания аграрлық сектордағы инновациялық шешімдерді жасау үшін озық ғылыми технологияларды табысты қолданады.