Будапешт, 2024 жылғы 18 қыркүйек - Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажар сыртқы саясат жөніндегі институтының (HIIA) президенті Гладден Паппинмен және оның кеңесшісі Акош Петер Мерньеимен кездесіп, қазақ-мажар стратегиялық серіктестігінің аспектілері туралы пікір алмасты.
Елші мажар сарапшысын Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысымен, ішкі-сыртқы саяси ахуалмен, сондай-ақ Мемлекет басшысының сыртқы саяси сахнадағы қадамдарының мақсаттарымен таныстырды.
Сонымен қатар, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары пікіралмасудың басты тақырыбы болды.
А.Сапарбекұлы үш жыл бұрын Қазақстанда басталған реформалық қадамдар нәтижесінде, елде адам құқықтарын қорғау омбудсманы мен Конституциялық сот құрылып, жергілікті әкімдер сайлауы мен парламент билігінің күшеюіне жол ашылғанын айтып берді.
Сонымен қатар, Елші Мемлекет басшысының үндеуіне сәйкес Қазақстанда халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы енгізілгенін және осының айқын бір дәлелі ретінде атом электр станциясын салу жөнінде референдумның белгіленгені туралы сұхбаттасын хабардар етті.
Сыртқы саясат тақырыбында, А.Сапарбекұлы қазақ-мажар саяси ынтымақтастығын тереңдету, екі елде жүріп жатқан саяси-әлеуметтік оқиғаларды терең түсіну мақсатында талдау орталықтары мен академиялық топтар арасындағы байланыстарды нығайтуға ұсыныс тастады.
Г.Паппин өз кезегінде, HIIA-ның мажар үкіметі жанындағы сыртқы саяси стратегияны айқындайтын маңызды «Think Tank» орталығы екенін түсіндіріп, жалпы, бүгінгі күнгі мажар сыртқы саясатының басты бағыттарымен таныстырып өтті.
Институт президенті мажар сыртқы саясатында Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстанның ерекше орын алатынын, өңір елдерімен Мажарстанның «Шығысқа ашылу», connectivity, экономикалық бейтараптылық стратегиялары, сонымен қатар Түркі мемлкеттері ұйымы сынды халықаралық ұйымдар аясында ынтымақтасуына зор маңыз берілетінін айтты.
Г.Паппин сонымен қатар, 16-17 қазанда Астана қаласында өтетін «Astana Think Tank Forum»-ына қатысатыны туралы Елшіге хабарлап, қазақ серіктестерімен байланыстарды нығайтуға дайындығын білдірді.
Анықтама: Мажар сыртқы саясат жөніндегі институты мажар үкіметі жанындағы сараптамалық талдау орталығы және елдің сыртқы саясатының басымдықтарын қамтитын белсенді зерттеу қызметін жүргізеді. 2021 жылдың сәуірінде HIIA ҚР СІМ Сыртқы саясатты зерттеу институты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған, бұдан басқа ҚСЗИ-мен тығыз ынтымақтастық орнатқан.