2024 ж. 13 қыркүйек - Будапешт қ. Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Будапештте тіркелген «Барс» Мажар-қазақ қорының президенті Андраш Галды, Қор басқармасының мүшесі Оңайша Мандокиді және түркітанушы, Мажар Ғылым академиясының қызметкері Дәуіт Қара Шомфаиді қабылдады.
Кездесу барысында, тараптар қазақ-мажар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының жай-күйін талқылап, алдағы жоспарларын ортаға салды.
Қазақ дипломаты, Қор қызметкерлерін Қазақстанда соңғы уақытта жүріп жатқан саяси-әлеуметтік реформалармен, елімізде орын алған және жоспарланған өзекті саяси-экономикалық жаңалықтармен бөлісті. Сондай-ақ екі жақты ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері туралы өзара пікір алмасты.
«Барс» президенті А.Гал өз кезегінде, Қордың мақсаты Мажарстан мен Қазақстан арасындағы мәдени, өнер, ғылыми, экономикалық, сондай-ақ денсаулық сақтау, гуманитарлық және спорттық қарым-қатынастарды дамытуға жәрдемдесу, деді. Бұдан басқа, ол Қордың екі ел мәдениеттерін жақындата түсетін келешектегі жоспарларымен бөлісті.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар ортақ ғылыми жобалар мен академиялық ынтымақтастыққа бірлесе қолдау көрсету перспективаларын да сөз етті.