Будапешт, 2024 жылғы 13 қыркүйек - Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажар сыртқы саясат жөніндегі институтының аға сарапшы, профессор Ласло Вашамен кездесіп, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Елші мажар сарапшысын Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысымен, ішкі-сыртқы саяси ахуалмен, сондай-ақ Мемлекет басшысының сыртқы саяси сахнадағы қадамдарының мақсаттарымен таныстырды.
Сонымен қатар, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының басты бағыттары пікіралмасудың тақырыбы болды.
Л.Ваша өз кезегінде, 15 жылдан бері Орталық Азия мен Кавказ аймағы, оның ішінде Қазақстанмен айналысып келе жатқанын тілге тиек етіп, Қазақстандағы реформалар үрдісі мен жаңалықтарды үзбей қадағалап отырғанын жеткізді. Қазақстан мен Мажарстан Жолдауда арқау болған көптеген экономикалық мәселелер бойынша бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік мол екенін білдірді. Осы ретте, мажар компанияларының Қазақстанға деген қызығушылығы бар және оны арттыру басты міндет деді.
Бұдан басқа, Елші жергілікті «Mandiner» медиа кеңістігінің халықаралық сарапшысы, журналист Матьяш Коханды да қабылдап, жалпы қазақ-мажар қатынастарының жай-күйін саралап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету бойынша жоспарларымен бөлісті.
Кездесулер соңында, Қазақстан туралы дұрыс сын-пікірлер бағытын ұстау үшін Мажарстанның Мажар сыртқы саясат жөніндегі институты сынды «Think Tank» орталықтарымен, трендсеттер «Mandiner»-мен ынтымақтастықты жалғастыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.
Анықтама: 1) Мажар сыртқы саясат жөніндегі институты мажар үкіметі жанындағы сараптамалық талдау орталығы және елдің сыртқы саясатының басымдықтарын қамтитын белсенді зерттеу қызметін жүргізеді. 2021 жылдың сәуірінде HIIA ҚР СІМ Сыртқы саясатты зерттеу институты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған, бұдан басқа ҚСЗИ-мен тығыз ынтымақтастық орнатқан; 2) «Mandiner» медиа кеңістігі Мажарстанның жетекші бұқаралық ақпарат құралдырының бірі. Апталық журнал ретінде де баспадан шығып, бетінде ел басшыларының, саясаткерлердің сұхбаттары шығып тұрады.