Будапешт қазақ-мажар стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге мүдделілігін білдірді

Будапешт қазақ-мажар стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге мүдделілігін білдірді

Будапешт, 2024 жылғы 17 маусым - Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов Мажарстанның Қаржы министрі Михай Варгамен кездесті.

М.Варга Мемлекеттік жиналыстағы (Парламент) Қазақстан-Мажарстан парламентаралық достық тобының жетекшісі, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық, сонымен қатар Мажарстан-Қазақстан Стратегиялық кеңесінің тең төрағасы болып табылады.

М.Варга соңғы жылдары Мажарстан-Қазақстан қарым-қатынастары сапалы жоғары деңгейге көтерілгенін, атом энергетикасы және ғылыми дипломатия жөніндегі жұмыс топтарының құрылғанын, мажар мұнай-газ компаниясы «MOL»-дың Қазақстандағы «Рожковское» газ кен орнын іске қосқанын атап өтіп, алда екі елдің мемлекет басшылары қойған өзара сауда көлемін 1 млрд. АҚШ долл. жеткізу үшін белсенді жұмыс атқару керектігін айтты. Министр осы бағытта өзінің үкіметтегі потенциалын қолдануға ниетті екенін білдірді.

Қаржы министрі сондай-ақ, 1 шілдеден бастап Мажарстан Еуропалық Одақтың кеңесінде төрағалық жұмысқа кірісетінін хабарлап, ресми Будапешттің ЕО-Орталық Азия бағытында энергетикалық қауіпсіздік, «connectivity», «Global Gateway», сауда жолдары бойынша ЕО-ның экономикалық бәсекелестігін арттыру мақсатында жұмыс жүргізетінін жеткізді.

Елші, биыл қазақ-мажар стратегиялық серіктестігіне 10-жыл толғанын жеткізіп, осы аралықта екі ел байланыстары жоғары деңгейге көтерілді, деді. Оның бір мысалы ретінде, 2023 жылы қарашада Астана қ. өткен мажар үкімет басшысы Виктор Орбанның ресми сапарын атап өтті.

Сұхбаттасушылар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін растады, екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылдың оң динамикасын, сондай-ақ қазақ-мажар ынтымақтастығын одан әрі нығайту мен дамытуға өзара мүдделілігін танытты.