Будапешт, 2024 жылғы 7 мамыр - Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығына орай Будапешттің Бостандық алаңында (Szabadság tér) және орталық зиратында (Kerepesi) кеңестік азат етуші жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Кеңестік азат етуші жауынгерлерге арналған ескерткіш 1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін, Будапешттің орталығындағы Бостандық алаңында орнатылды.
1944-1945 жылдары Мажарстанда екі ауқымды әскери операция жүргізілді - Балатон қорғаныс операциясы және Будапешт шабуыл операциясы.
Бүгінгі таңда, Мажарстанда Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне жататын 1032 жерлеу бар екені белгілі. Олардың ішінде 112 625 адам жерленген. Қазіргі Мажарстан аумағында 140 мыңнан астам кеңес сарбаздары мен офицерлері қаза тапқан болатын.
Қазақстан Республикасының Елшілігі Мажарстан аумағында әскери-мемориалдық қызметті тұрақты негізде жүргізіп келеді. Оның ішінде Қазақстанның тумалары мен жауынгерлердің жерленген жерлерін іздестіру жұмыстары жатады.
Айта кетері, ү.ж. 1 мамырда Қазақстан Республикасының Елшілігі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан кеңес әскерлері жерленген, Пакш қаласындағы қайта жөндеуден өткен ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты.