Будапешт, 2024 жылғы 3 мамыр - Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігінде Алматы қаласындағы «Полиграфкомбинат» ЖШС баспасында шыққан «Мажар тілділерге арналған қазақ тілінің оқулығы» атты кітаптың алғашқы таныстырылымы өтті.
Елші Жәнібек Әбдрашов авторлар атынан кітаптарды қабылдауға келген Бабақұмар Хинаятты (Ибоя Такач және Бижомарт Қапалбекұлы) және Роваш-руна жазу қорының президенті Ласло Шипошты қабылдап, 300 дана кітапты табыстады.
Б.Хинаят хабарлағандай, оқулықтың ресми тұсаукесерін шілде немесе тамыз айларында Мажарстанның Лакителек Халықтық университетінде өткізу жоспарланған.
Кітаптар Мажарстанның Ұлттық кітапханасына, жоғары оқу орындары мен тіл орталықтарына, қыпшақтар тығыз орналасқан Надькуншаг және Кишкуншагтағы елді-мекендердің орталық кітапханаларына беріледі.
Авторлардың өтініш білдіруіне орай, кітаптар баспадан кейін Қазақстаннан Будапешт қаласына ҚР Сыртқы істер министрлігінің көмегімен жеткізілді.
Айта кетері, Оқулық Мажарстанның Шығыс және Орталық Еуропалық зерттеулерді қолдау қоры, Мадияр-Тұран қоры, Лакителек институты, Роваш-руна жазу қоры мен Алматыдағы Мемлекеттік тілді дамыту институтының қолдауымен жарық көрген.