Будапешт, 2024 жылғы 7 сәуір - Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі «Лист Ференц» атындағы музыка академиясында өткен «Gaudeamus IV» концерттік сериясы аясындағы Джоаккино Россинидің «Staban Mater» туындысын тамашалады.
Концертте танымал, мажарлық «Сент Иштван» атындағы филармониялық оркестірінің сүйемелдеуімен жеке тенорда, қазақстандық Әлихан Зейнолла өнер көрсетіп, қоңыр дауысымен жиналғандарды тәнті етті.
Әлихан Зейнолла «Астана Опера» жастар академиясының солисі, Италия консерваториясында өнерін шарықтатып, Еуропаның бірқатар театрында өнер көрсетуге шақыртулар алған. Сондай-ақ жас дарын италиялық опера майталманы Анатолий Гусевтен тәлім алып жатыр. Ол, Болашақта әлемдік сахналардан көрінуді мақсат етеді.
Қазақ дарыны, сондай-ақ Милан тұсындағы Бергамоның Доницетти театрында тыңдалымнан сәтті өтті. Жас опералық әнші алғашқы келісімшартқа да қол жеткізіп, Мажарстандағы Ференц Лист Академиясының залында өнер көрсетуге жолдама алған болатын.
Концертмейстер Зиру Жазықбаеваның айтуынша, Әлихан Зейнолланың дауысы – сирек әуезді колоратурлық тенор. Ол классикалық туындыларды түпнұсқа тілінде мінсіз орындауға талпынып жүр. Ал маэстро Анатолий Гусев өз тәлімгерін қазақ мәдениеті мен опера өнерін жалғастырушы дарын иелерінің бірі санайды.
Айта кетері, Әлихан Зейнолланың өнердегі ең алғашқы ұстазы – колледж кезінде оқыған жас мұғалім Төлегенова Гүлжаннан 4 жыл тәлім алды, содан кейін ұстазы – болған профессор, Қазақстанның халық әртісі Қанат Омарбаевтің қолында 4 жыл тәлім алды. 2023 жылы бір жарым ай Италиядағы Джоаккино Россинини академиясының фестивалінде өнерін паш етті.