
2020 жылғы 19 маусымда Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жәнібек Әбдрашов Мажарстан Мемлекеттік Жиналысының (Парламентінің) Төрағасы Ласло Кёвермен кездесті.
Кездесуде парламентаралық ынтымақтастық мәселелері мен парламентшілердің «Достық тобының» жұмысы талқыланды. Сұхбаттасушылар өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету, оның ішінде сауданы дамыту мен инвестициялар мәселелерінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар тараптар түркітілдес елдердің Парламенттік ассамблеясы, Еуропалық Кеңестің Парламенттік ассамблеясы және Еуропалық Парламент шеңберінде өзара іс-қимыл мәселелерін де қозғады.
Қазақстан Елшісі Л.Кёверге қоғамдық-саяси өмірді либералдандыруға жаңа кезең ашатын негізгі демократия институттарын - бейбіт шеруге адам құқықтарын, сайлауға және саяси партиялардың жұмысын ұйымдастыруды одан әрі дамытуға ықпал ететін Қазақстанда іске асырылған саяси реформалар жөнінде айтып берді. Бұл тұрғыда қазақстандық тарап ү.ж. мамыр айының аяғында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы», «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» және «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қатысты егжей-тегжейлі түсіндірді.
Кездесуде Қазақстан мен Мажарстан әріптестігінің стратегиялық деңгейіне негізделген екіжақты қарым-қатынастардың оң қарқыны атап өтілді.