Будапешт, 2024 жыл 29 ақпан - Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов «Карцаг қазынасы» өнер және конференция орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Ісшараға Мажарстанның Қаржы министрі Михай Варга, Мемлекеттік жиналыс депутаттары Шандор Ф.Ковач, Шандор Фазекаш, Карцаг қаласының мэрі Тибор Сепеши және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Орталықты аша отырып, қаржы министрі Мажарстан Үкіметі мажар мәдениетін сақтауға қызмет ететін кез-келген бастаманы қолдайды деп мәлімдеді.
Сонымен қатар Министр Карцаг Мажарстанның Үлкен Қыпшақ астанасы ретінде ежелгі мәдениеттердің кездесу орны ретінде тарих кітаптарына енген орны ерекше екенін атап өтті. «Қыпшақтар мен яссылар арқылы бұл қала бүгінгі күнге дейін мажар ұлтының Орталық Азиядан шығу тегімен сипатталады», - деп, мажар ұлтының тарихы, оның мыңжылдық еуропалық бірегейлігі Азиямен де түйіседі екенін айтты. Сондықтан «Бақсы даңы» деп аталатын ғимарат дұрыс жерде және елдің ең лайық жерінде орналасқан, деп атап өтті министр.
Мажар қыпшақтардың басты астанасы - Қыпшақ Көтөнь ханға арналған ескерткіш - Еуропадағы ежелгі қыпшақ руының өкілінің құрметіне орнатылған жалғыз ескерткіш екенін атап өту жөн.
Қаланың жанында скиф қорғанына ұқсайтын төбеде қыпшақтардың қазіргі Мажарстан аумағына келуін бейнелейтін мемориал орнатылған. Ескерткіш -ежелгі тас мүсіндер (балбалтас) түріндегі 7 қыпшақ жауынгерінің композициясын құрайды. Оның әрқайсысы ата-бабалары қоныс аударған қаланың бағытына қарап, қолында сол қаланың елтаңбасын ұстап тұрады.
Бұл аймақтың зерттеушісі Карцаг қаласында дүниеге келген белгілі қыпшақ ғалымы және түркітанушы Конғыр Мандоки болды. 1990 жылдардың басында ол Дүниежүзілік қазақтар конгресінің құрамына кіретін «Мажарстанның қыпшақтар одағын» құрушылардың бірі болды.