Будапешт, 2024 жылғы 26 ақпан – Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов Мемлекеттік жиналыста (Парламент) өткен Мажарстан Республикасының жаңа президентін сайлау рәсіміне қатысты.
Мажарстанның Парламенті Конституциялық Соттың Төрағасы Тамаш Шуйокты көпшілік дауыспен елдің жаңа президенті етіп сайлады. Шуйок кандидатурасын 134 депутат қолдап, бесеуі қарсы дауыс берді.
Тамаш Шуйок Мажарстан Республикасының Президенті қызметіне 5 наурызда кіріседі. Осы күнге дейін президент міндетін атқарушы Мемлекеттік жиналыстың спикері Ласло Көвер атқарады.