Будапешт, 2024 жылғы 14 ақпан – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов «Мажар-Тұран» қорының президенті Андраш Биромен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени-ғылыми ынтымақтастықты, оның ішінде музейлер арасындағы зерттеу жұмыстары мен көшпенді халықтардың ұлттық спорт саласындағы өзара іс-қимылдарын талқылады.
Елші 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2024 жылғы 8-14 қыркүйек аралығында алғаш рет Қазақстан өткізетіндігін хабарлап, А.Бироны және Мажарстанның Көкпар және дәстүрлі спорт федерациясын осы ойындарға белсенді түрде қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, Ж.Әбдрашов екі елдің ортақ тарихи мұраларын зерттеп, халықтардың бауырластығын жақындатып келе жатқан «Мадьяр-Тұран» қорының жұмысын жоғары бағалап, мәдени-ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беру қажеттілігін атап өтті.
А.Биро өз кезегінде, «Мажар-Тұран» қоры құрған Мажар көкпар және дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығының көшпенділер мұрасын сақтау әрі оны қайта жаңғыртуға бағытталған жоспарларымен таныстырып, 2024 жылғы 9-11 тамыз аралығында Мажарстанның Бугац елді мекенінде ұйымдастыратын Тұран халықтарының дәстүрлі Құрылтайына Қазақстаннан өкілетті делегациясы қатысатынына үмітін білдірді.
Айта кетері, «Мажар-Тұран» қорының ұйымдастыруымен 2008 жылдан бері екі жылда бір рет халықаралық Тұран халықтарының құрылтайы өткізіледі. Құрылтай ежелгі көшпенділердің дала мәдениетін, қолөнері мен ұлттық спорт түрлерін, тұрмыс-салтын көпшілікке таныту және салт-дәстүрді жаңғыртуды насихаттайды.