
Будапешт, 2024 жылғы 7 ақпан – Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткізілген белгілі мажар ғалымы, түркітанушы Иштван Қоңыр Мандокидің туғанына 80 жыл толуына арналған халықаралық конференциясына қатысты.
«Түркітанудағы Шығыс пен Батыстың алтын көпірі – Қоңыр Мандоки!» атты конференцияны ҚазҰУ мен ЮНЕСКО аясында Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы бірлесіп өткізді.
Конференцияның мақсаты – әйгілі ғалымның өмір жолы мен рухани мұрасын зерттеу, ғылыми еңбектерін насихаттау, Иштван Қоңыр Мандокидің шығармаларын жаңа сипатта қарастырып, ғылыми жұмыс жүргізу, сондай-ақ түркологиядағы түйткілді мәселелерді талқылау.
Онлайн және офлайн форматтағы конференцияны ректор Жансейіт Түймебаев ашты. Іс-шарада ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов, ақын-жазушы, ТҮРКСОЙ жанындағы Түркі мемлекеттері Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов, Мажарстанның Қазақстандағы Бас консулының м.а. Питер Шиклош сондай-ақ, Қазақстан, Мажарстан, Түркия, Қырғызстан белгілі түркітанушы ғалымдары мен мәдениет және өнер қайраткерлері құттықтау сөз сөйледі.