Будапешт, 2024 жылғы 29 қаңтар - Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов Мажарстан Президентінің Сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Криштоф Алтуспен кездесіп, Қазақстан-Мажарстан стратегиялық серіктестігі аясында екіжақты қатынастардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерін талқылады.
Елші, Жәнібек Әбдрашов мажар дипломатын Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысымен, ішкі-сыртқы саяси ахуалмен, инвестициялық саясатпен, сонымен қатар Мемлекет басшысының сыртқы саяси сахнадағы белсенділігі туралы қысқаша таныстырып өтті.
Кездесу барысында 2023 жылы өткен екі ел қатынастарындағы маңызды шаралар бойынша follow-up жасалып, қазіргі таңда Қазақстан Респубикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның былтыр, Астанада өткен келіссөздерінен кейін берілген тапсырмаларды іс жүзінде іске асыру бойынша нақты шаралар жүргізіліп жатқаны айтылды.
Криштоф Алтус өз кезегінде Мажарстан Президенті Каталин Новактың Мемлекет басшысының 2024 жылғы Астана халықаралық форумына шақыруын қабыл алғанын және оның қарсаңында елімізге ресми сапармен келетінін растап өтті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша дипломаттар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту бағытына бейілді екендіктерін растап, Қазақстан-Мажарстан қарым-қатынасының барлық салада одан әрі дамитынына сенім білдірді.