Мажарстан Сыртқы істер министрлігіндегі кездесу туралы

Мажарстан Сыртқы істер министрлігіндегі кездесу туралы

Будапешт, 2024 жылғы 24 қаңтар - Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігінің Шығыспен байланыстарды ілгерілету жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Адам Штифтермен кездесіп, Қазақстан-Мажарстан стратегиялық серіктестігі аясында екіжақты қатынастардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Елші Ж.Әбдрашов мажар дипломатын, Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысымен таныстырып, 3 қаңтарда Егемен Қазақстан газетінде шыққан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатының еліміздің ішкі-сыртқы саясатына қатысты мәселелері, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, Қаңтар қасіреті, АЭС құрылысы секілді өзекті месседждерін жеткізді.

Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастарының жай-күйі мен келешегін, алдағы жоғары және биік деңгейдегі екіжақты сапарларды, ынтымақтастық аясын кеңейту мүмкіндіктеріне шолу жасап, құқықтық база, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара әрекеттесу перспективаларына тоқталып өтті.

Кездесу барысында 2023 жылы өткен екі ел қатынастарындағы маңызды шаралар бойынша follow-up жүргізіп, қазіргі таңда ҚР Президенті Қ.Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі В.Орбанның былтыр, Астанада өткен келіссөздерінен кейін берілген тапсырмаларды, сонымен қатар Будапештте өткен Қазақстан-Мажарстан Стратегиялық кеңесінің 6-шы отырысының хаттамасы мен Сыртқы істер министрі М.Нұртілеудің ресми сапарының қорытындыларын іске асыру жолдары талқыланды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша дипломаттар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту бағытына бейілді екендіктерін растап, Қазақстан-Мажарстан қарым-қатынасының барлық салада одан әрі дамитынына сенім білдірді.