Будапешт, 2024 жылғы 11 қаңтар – Қазақстанның Мажарстандағы елшісі Жәнібек Әбдрашов 15-ші Будапешт халықаралық цирк фестивалі аясында өткен «Цирк – Ғажайып Әлем» атты Будапешт халықаралық цирк көрмесінің ашылуына қатысты.
Цирк өнері мен ғылымының тарихына арналған көрмеде он екі елден, оның ішінде Қазақстаннан келген экспонаттар мен артефактілер көрсетілген.
Алматы қаласы Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов көрмеде тарихи фотоматериалдарды, цирктік тарихи костюмдерді, символдық және естелік афишаларды, сондай-ақ кітаптар мен журналдарды ұсынды.
Бұл көрме халықаралық цирк мұрасының әлемдік көрнекті коллекцияларымен және мұражайларымен танысуға, сондай-ақ Мажарстан цирк өнерінің мұражайы, кітапханасы және мұрағатының жинақтары мен ғылыми жұмыстарымен танысуға мүмкіндік берді. Цирк әлемінің ғажайыптары 100 жылдық карусельмен, мұражайлық білім беру ойындарымен, виртуалды арқанмен жүрумен және топтық цирк жаттығуларымен сүйемелденді.
Іс-шара барысында он екі елден келген цирк басшылары цирк өнері саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Айта кету керек, қазіргі қазақ циркі 1970 жылдың 24 шілдесінде дүниеге келген, бұл күні қазақтың тұңғыш ұлттық бағдарламасы көрсетілген болатын.
2016 жылы цирктің 50 жылдығына орай Қазақ мемлекеттік циркі тарихының экспозициялық залы ашылды. Мұражайда Қазақстан цирк өнерінің тарихы бейнеленген. Онда ғимараттың алғашқы эскиздері, құрылтайшылар мен ардагерлердің фотосуреттері, ескі цирк нөмірлерінің инвентаризациясы, суретшілердің костюмдері, естелік заттар мен сыйлықтар жинақталған.
Бүгінгі таңда қазақ циркі Республикадағы өнердің төл мәдени қабаты ретінде белсенді дамып келеді. Оның беделін ірі халықаралық цирк фестивальдері мен байқаулардағы марапаттар растайды.