Қазақстан-Мажарстан флагмандық инвестициялық жобасы іске қосылды

Қазақстан-Мажарстан флагмандық инвестициялық жобасы іске қосылды

Будапешт, 2023 жылғы 22 желтоқсан - Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов, Мажарстан экономика байланыстар және сыртқы істер министрлігінің энергетикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі мемлекеттік хатшысының орынбасары Чаба Марошвари және «MOL Group» мұнай-газ компаниясының атқарушы вице-президенті Мартон Жомбор «MOL» компаниясының штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Смайыловтың қатысуымен телекөпір режимінде «Рожковское» ірі газ конденсатты кен орнын іске қосудың ресми рәсіміне қатысты.

Телекөпір қорытындысы бойынша Елшінің контрсеріктестермен кездесуі өтіп, оның барысында тараптар энергетика саласындағы екіжақты қатынастардың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, сондай-ақ мұнай-химия өнеркәсібінде жоғары технологияларды қолдану саласындағы бірлескен жобаларды талқылауға ерекше назар аударды.

Газ конденсаты кен орны 2008 жылы кең ауқымды геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде ашылды. 2040 жылға дейін мұнда 14,2 млрд текше метр шикі газ және 7,1 млн тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр. Өндірудің әлеуетті көлемі жылына 1 млрд. текше м. газды құрайды.

Бірлескен жобаның қатысушылары «ҚМГ ҰК» АҚ» – 50% (Қазақстан), «MOL» компаниясы – 27,5% (Мажарстан), «FIOC» компаниясы – 22,5% (Қытай) болып табылады. Өндірудің әлеуетті көлемі жылына 1 млрд. текше м. газды құрайтын болады.

«MOL Group» халықаралық мұнай-газ компаниясы «Forbes Global 2000» әлемдегі ең ірі компаниялардың тізіміне кіреді және қазірдің өзінде Қазақстанның мұнай-газ саласына 200 млн. доллардан астам инвестиция салған.