
Будапешт, 2023 жылғы 25 қазан – Мажарстанның астанасы Будапешт қаласында ұлттық мереке Республика күніне орай дипломатиялық қабылдау өтті.
Елшілік ұйымдастырған іс-шараға Мажарстан үкіметінің, Мемлекеттік жиналыстың, министрліктер мен ведомстволардың, дипломатиялық корпустың, сондай-ақ іскерлік, мәдениет, ғылым, білім және сарапшылық топтар, сондай-ақ диасропа өкілдері қатысты.
Қабылдаудың ашылуында сөйлеген сөзінде, Елші Жәнібек Әбдрашов Республика күнінің тарихи мәніне тоқталып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауының негізгі тұстарымен және оның аясында жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалармен жиналғандарды таныстырып өтті.
Ж.Әбдрашов «Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» ұстанымынан шабыттанған бұл экономикалық өзгерістер неғұрлым теңдестірілген, орнықты және жаһандық интеграцияланған экономиканы құруға ықпал етуге арналған» деді.
Сонымен қатар, Елші Қазақстанның халықаралық аренадағы белсенді дипломатиялық қызметтің арқасында қалыптастырған бірегей рөлін атап өтіп, еліміздің негізгі одақтастармен барлық стратегиялық мәселелер бойынша ынтымақтастықты жалғастыратынын растады.
Ж.Әбдрашов Қазақстан мен Мажарстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарға тоқталып, қазақ және мажар халықтарын байланыстыратын ортақ терең тарихи тамыр табысты ынтымақтастық пен жарқын болашақ құруға үлкен мүмкіндіктер беретінін айтты. Ол, «Мажарстан Еуропалық Одақтағы ең жақын және сенімді стратегиялық серіктес болғанын ерекше бағалаймыз» деді.
Мажарстан тарапынан іс-шараның құрметті қонағы ретінде екіжақты ынтымақтастықтың үш мемлекетаралық құрылымының: Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның, Парламенттік достық тобының және Стратегиялық кеңестің тең төрағасы болып табылатын Мажарстанның Қаржы министрі Михай Варганың атынан, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Тот Тибор қатысып, құттықау сөз арнады.
Ол Мажарстан Үкіметі атынан барша Қазақстан халқын айтулы оқиға – Республика күнімен құттықтап, елдеріміз арасындағы уақыт сынынан өткен берік достықтың маңыздылығын атап өтті.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғанын атап өткен жөн. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді. 2022 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен 25 қазан - Республика күні мерекесі ретінде күнтізбеге қайта енгізілді.