Отбасылық-демографиялық саясаты Қазақстанның назарында

Отбасылық-демографиялық саясаты Қазақстанның назарында

Будапешт, 2023 жылғы 14 қыркүйек – Мажарстанның астанасында «Отбасы: қауіпсіздік кілті» тақырыбында бесінші Будапешт демографиялық саммиті өтуде.

Мажарстан тарапының шақыруы бойынша саммит жұмысына Мәдениет және ақпарат министрі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Аида Балаева қатысуда.

Қазақстандық саясаткер отбасылық саясат мәселелері жөніндегі интерактивті сессияда сөз сөйлейді. Сессияға Мажарстан, Катар, Түркия, Сербия, Марокко, Словения, Тунис және Эквадор министрлері де қатысады.

14-16 қыркүйекте ұйымдастырылған үші күндік Саммитке барлығы 60 елдің өкілдері, соның ішінде мемлекет басшылары, Үкімет мүшелері, дін қайраткерлері, БАҚ өкілдері және қоғамдық пікір көшбасшылары қатысады деп күтілуде.

Қатысушылар отбасы мен болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз және болжамды болашақты қалай құру керектігі туралы өз ойларымен бөліседі.

Будапешт демографиялық саммиті Мажарстан Президенті Каталин Новактың қолдауымен өтуде және екі жылда бір рет өткізіледі. Саммит саясаткерлер, сарапшылар, дін қайраткерлері, әртүрлі бизнес, ғылым және БАҚ өкілдері қатысатын әлем елдері демография мәселелерін және отбасы институтының дамуына әсер ететін негізгі мәселелерді талқылайтын алаң болып табылады.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі