Будапешт, 2023 жылғы 7 қыркүйек - Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов Мажарстан Сыртқы сауда және сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Адам Штифтермен кездесіп, Қазақстан-Мажарстан стратегиялық серіктестігі аясында екіжақты қатынастардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастарының жай-күйі мен келешегін, алдағы жоғары және биік деңгейдегі екіжақты сапарларды, ынтымақтастық аясын кеңейту мүмкіндіктеріне щолу жасап, құқықтық база, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара әрекеттесу перспективаларына тоқталып өтті.
Елші Жәнібек Әбдрашов 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі аспектілерімен Адам Штифтерді таныстыра келе, Қазақстанда экономикалық саясаттың жаңа моделіне көшудің нақты және тиімді тетіктері айқындалғанын, олар әділдік, инклюзивтілік, тиімділік және прагматизм қағидаларына табан тірейтінін айтты. Мемлекет басшысы ұсынған шаралар экономикадағы құрылымдық өзгерістермен және инвестиция тарту бойынша нақты шаралармен ерекшеленетіні мажар тарапына жеткізілді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша дипломаттар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту бағытына бейілді екендіктерін растап, Қазақстан-Мажарстан қарым-қатынасының барлық салада одан әрі дамитынына сенім білдірді.