
2023 ж. 5 қыркүйек - Будапешт қ. ҚР Мажарстандағы Елшісі Ж.Әбдрашов 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орайластырып Лакителек Халықтық университетінде ұйымдастырылған мажар студенттеріне арналған Қазақ тілі сыныбының ашық сабағына қатысты.
Осы, қазақ тілінің жазғы курстары Лакителек университетінде 2008 жылдан беру ұйымдастырылып келеді. Қазақ тіліне деген мажар жастары арасында қызығушылық жылдан жылға артып отыр.
Биылғы жылы Абай орталығы мен қазақ диаспорасының жетекшісі Оңғайша Мандокидің және Айдана Смағұлдың ұстаздығымен қазақ тілінің курстарына 13 мажар оқушысы қатысып, өз білімдерінің көкжиегін ширата түсті. Қазақ тілі арқылы ұлтымыздың мәдениетімен, салт-дәстүрімен жақын танысуға мүмкіндік алып отыр.
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай ұйымдастырылған ашық сабаққа Елші Ж.Әбдрашов қатысып, тілімізді үздік меңгерген Золтан Хустиға, Ботонд Баркаиға, Ференц Фейешке және Жужанна Майорошиге Елшілік атынан естелік сый, Қазақ сыныбына қазақ тіліндегі кітаптар табыс етті. Оқушылар Елшілік дипломаттарымен қазақ тілінде әңгімелесіп, тіпті домбырамен күй тарттып берді, Абайдың өлеңдерін айтты.